31-ші Қазақстандық Халықаралық «Денсаулық сақтау» көрмесі

САТЫП АЛУДАН СЕРІКТЕСТІККЕ: ITECA және СҚ-ФАРМАЦИЯ ӘЛЕМДІК ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ӨНДІРУШІЛЕРМЕН ДИАЛОГТЫ КЕҢЕЙТУДЕ

Бүгін «СҚ-Фармация» ЖШС алаңында Қазақстандық Iteca көрме компаниясы өкілдерінің қатысуымен алдағы халықаралық салалық көрмелерге — KIHE «Денсаулық сақтау» және PharmaTECH Kazakhstan «Фармацевтикалық өнеркәсіпке арналған жабдықтар, шикізат және технологиялар» көрмелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті.

13 наурызда өткен кездесу барысында ұйымдастырушылар Алматы қаласында 20–22 мамыр аралығында өтетін көрмелерге дайындық туралы ақпарат ұсынды.

Тараптар іс-шаралардың іскерлік бағдарламасын, сондай-ақ СҚ-Фармация өкілдерінің бірқатар пленарлық сессияларға спикер ретінде қатысуын талқылады. Жоспарға сәйкес, Бірыңғай дистрибьютор өкілдері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік сатып алу жүйесін дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ логистикалық процестердің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мәселелері бойынша баяндамалар жасайды.

Сонымен қатар, көрмелер аясында Бірыңғай дистрибьютор халықаралық және отандық фармацевтикалық компаниялармен келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр. Кездесулердің негізгі мақсаты — өндірушілермен тікелей келісімшарттарды дамыту, бұл делдалдық тізбектерді қысқартуға, жеткізілімдердің тұрақтылығын арттыруға және бюджет қаражатын қосымша үнемдеуге мүмкіндік береді.

СК Фармация Iteca kaz

Кездесу барысында фармацевтикалық нарықтың ағымдағы жағдайын талдау және оның даму перспективаларына ерекше назар аударылды. Тараптар өндірушілермен тікелей ынтымақтастықты кеңейту, экспорттық әлеуетті нығайту, сатып алу тетіктерін жетілдіру, дәрілік заттардың халыққа қолжетімділігін одан әрі арттыру үшін үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу, сондай-ақ қазақстандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттардың номенклатурасы мен көлемін ұлғайту мүмкіндіктерін талқылады.

Халықаралық өндірушілер, жеткізушілер мен инвесторлар тарапынан көрмелерге қызығушылықтың артуы Қазақстанның Орталық Азиядағы медицина мен фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудағы негізгі орталықтардың бірі ретіндегі әлеуетін растайтыны атап өтілді. Бүгінгі таңда әлемнің 20 елінен 380-нен астам компания қатысуын растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар СҚ-Фармацияның аталған халықаралық алаңдарға қатысуының серіктестікті дамыту, инвестициялар тарту, тәжірибе алмасу және Қазақстанның фармацевтикалық саласын дамыту бастамаларын ілгерілету құралы ретіндегі маңыздылығын атап өтті.

Дереккөз: СҚ-Фармация ЖШС баспасөз қызметі